Атырауда журналиске шабуыл ісінде сот үкімі оқылды

Күдікті шабуыл жасауға кімнің тапсырыс бергенін айтпады


30/03/2023
16:40 19674 0

Фото: Ақ Жайық

 

Атырауда журналист Олеся Вертинскаяға жасалған шабуыл ісінде сот үкімі оқылды. Күдікті Әлібек Меллятов кінәлі деп танылып, бір жылға бостандығы шектелді. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

 

30 наурызда Атырау қаласының N2 сотында «Дорожный контроль» ақпарат порталының өңірдегі тілшісі Олеся Вертинскаяның ісі бойынша үкім шықты. Іс бойынша күдікті деп танылған жергілікті тұрғын Әлібек Меллятовты сот ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі «бұзақылық» бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бостандығын шектеді. 

 

Сот жаза тағайындау барысында оның өз кінәсін мойындағанын, бұрын сотты болмағанын және онша ауыр емес қылмыс жасағанын ескеріп, Миллятовқа пробациялық бақылау белгіледі. Бұған қоса, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді.

Бір күн бұрынғы жарыссөзде прокурор Абадан Мамыров дәл осындай жаза сұраған.

Ал Олеся Вертинскаяның адвокаты Айбар Қосымбаев істі «денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-бөлігі 2-тармағы) қайта тергеуге жіберуді сұрады.

Үкім оқыған судья Зәуре Қазақбай адвокаттың өтінішін орындаған жоқ. Оның себебін қазіргі Қылмыстық іс жүргізу кодексінде бұл талап қарастырылмаған деп түсіндіріп, тек прокурорға (онда да кей жайттарды ескере отырып) кері қайтаруға болатынын алға тартты.

Судья сотта Меллятов былтыр 19 шілдеде Вертинскаядан көмек сұрағансып, оны көліктен түсіріп, оңаша жерге апарып, қоғамдық орында бет тұсынан жұдырығымен себепсіз бір мәрте соққы жасап, аяғынан шалып жерге құлатып, Вертинскаяға дене жарақатын салғаны куәлердің айғақтарымен, бейнежазбамен, сот сараптамасы қорытындысымен анықталғанын атап өтті.

Олеся Вертинскаяға жасалған шабуылға қатысты «бұзақылық» бабы бойынша істі қарау 23 қаңтар күні басталған.

Вертинская алғашқы сот отырысында Меллятов өзінен кешірім сұрағанда «оны шабуылға кім тапсырыс бергенін айтқан жағдайда ғана кешіретінін» мәлімдеді. Алайда Меллятов өзіне ешкім тапсырыс бермегенін, бұған дейін Вертинскаямен араздасып қалғанын алға тартып, артынан аңдып барып, соққыға жыққанын айтты.

Компьютерлік томография Вертинскаяның мұрны сынғанын анықтаған. Олеся Вертинская полицияға шағым түсірген. Ол сот-медицина сараптамасының «жеңіл дәрежедегі жарақат алған» деген қорытындысына келіспейтінін сотта бірнеше рет айтқан. Вертинская өзіне орташа дәрежедегі зиян келді деп есептейді.

Алайда судья Зәуре Қазақбай сотта «денсаулыққа жеңіл дәрежедегі жарақат келді» деп қорытынды шығарған сот-медицина сараптамасы қорытындысын есепке алғанын түсіндірді.

Бұған дейін Олеся Вертинская өзіне жасалған қастандықты кәсіби қызметімен, оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ақпарат таратуымен байланыстырған.

Ол былтыр ақпан айында Қаңтар оқиғасы кезінде «кәсіби міндетін атқарғаны үшін ұсталғанын, полицейлер оны тергеп, қоқан-лоқы көрсетіп, қол жұмсағанын» айтқан. Сол кезде оның үстінен «бейбіт жиынды өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Кейін құқық бұзу құрамы болмағандықтан, іс тоқтатылған.

Бұдан соң Вертинская Қаңтар кезінде өзіне қоқан-лоқы көрсеткен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үстінен және «Динамо» спортзалындағы «азаптау» бабы бойынша арыз берген.

Ол «Динамода» мені бір қызметкер тепті, басымнан ұрып, қылмыскер сияқты қабырғаға тақады, желке тұсымнан «сені атып тастау керек» деп қайталай берді» деген. Вертинскаяның айтуынша, берген арызы бойынша іс видеожазба секілді дәлелдердің болмауына байланысты «қызмет өкілеттігін асыра пайдалану» бабымен қайта сараланып, қаралған. Алайда былтыр 30 желтоқсанда тоқтатылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «іс қылмыс құрамы болмағанына байланысты тоқтатылған» деп жауап берген. Вертинская қолында полицейлер қоқан-лоқы көрсеткенін дәлелдейтін видеожазбасы барын айтқаннан кейін ол облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың қабылдауында болған. Жұмақанов бұл видеоны көрмегенін және істі қайта қарауға тапсырма бергенін айтқан. Содан бері ешқандай жауап болмаған. Қазір де жағдай сондай.

Ал бұзақылық ісі бойынша үкімге Вертинскаяның адвокаты Айбар Қосымбаев келіспей, іс «денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабы бойынша қаралуға тиіс екенін айтып, сол себепті апелляциялық шағым түсіретінін хабарлады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

30/03/2023 16:40
19674 0

Уведомление